ҚазАқпарат – Атырау облысында 8 айдағы экспорт көлемі 758,9 млн долларға жетті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен отырыста өңдеу өнеркәсібінде атқарылған жұмыстар сараланды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Абдуахит Әбішевтің мәлім етуінше, биыл 3 жоба іске қосылған.
Бұл – «BEST MODULE» ЖШС метал өңдеу зауыты, Доктор Хаус ЖШС «Медициналық бетперде өндірісі» және Құрманғазы ауданынан «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.
Бұлардың әрқайсында 40 жұмыс орны ашылған.
«Биылғы қаңтар-қараша айларында өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 481,8 млрд теңгені құрады. Ал, жыл басынан бергі 8 айда өңдеуші өнеркәсіптегі экспорт көлемі 758,9 млн АҚШ долларына жетті. Өңдеуші өнеркәсіптегі негізгі капиталға 185,0 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл саладағы еңбек өнімділігі 6 айда 1 адамға 31,5 мың АҚШ долларын құрап, нақты көлем индексі 106,3%-ға артты» деді Абдуахит Әбішев.
Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауидың айтуынша, ас тұзын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталуға таяған.
Қазір құрал-жабдық сатып алу және мамандарды оқыту қолға алынған.
Аталған зауытта жергілікті 60 адам жұмысқа тартылады.
Зауытта сағатына 25 тонна ас тұзын өндіру көзделіп отыр.