Батырхан Мұхлис – жарты жыл бұрын басталып, 7 түрлі бағытта жүзеге асқан «Елбасы медалі» ауқымды челленджіне қатысушы. Жоба аясында ол спорттық дайындығын жетілдірді, ұлттық мұраны зерттеп, әлем және қазақ әдебиетінің шығармаларымен танысты, еңбек практикасынан өтіп, волонтерлік қызметте белсенділік көрсетті.
Батырхан МҰХЛИС, оқушы
Жазда менің сынып жетекшім «Елбасы медалі» атты жобаға қатысуға ұсыныс жасады. Мен бірден қызуғышылық таныттым. Осы ретте түсірілімдер жасауыма және тапсырмаларды орындауда көмектескен ата-анам мен бауырларыма алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ мектебіме де рахмет айтамын.
Батырхан секілді медалист атанған тағы 8 оқушы бар. Облыста бұдан басқа да жетістікке жеткендер баршылық. Мәселен, республикадағы ауыл мектептерінің 5 және 6-сынып оқушылары арасында өткен «Мың бала» ұлттық олимпиадасының 6 жеңімпазына диплом мен ноутбук табысталды.
Дильназ ҚОЙШИЕВА
Біз көптеген тапсырмалар орындадық. 3 тілде. Сауаттылық жағынан тапсырмалар болды, логика болды. Маған кішкене қиындау түскені логика болды. Бірақ өз өзімді алып шығатыныма сендім. Ойланып, асықпай орындадым.
Сыйлықтарды Атырау облысы әкімінің орынбасары өз қолымен табыстады. Салтанатты жиынға облыстық білім беру басқармасы мен ата-аналар да қатысты.
Бақытгүл ХАМЕНОВА, Атырау облысы әкімінің орынбасары
Медальдарыңыз, алған дипломдарыңыз құтты болсын. Сіздердің қолдарыңыздан бәрі келеді. Сіздер ең мықтысысыздар. Әдеби кітап оқыңыздар. Адам кітаппен сусындайды. Кітаппен ғана өседі. «Не берсең де, балаға бер дейді» қазақ. Расында, қандай жып-жылы мереке. Сондықтан, сіздерді дүниеге әкелген аналарыңыздың алдында басымды идім, сіздерді тәрбиелеген ұстаздарыңыздың алдында басымды идім.
Республика бойынша «Мың бала» олимпиадасына 295 оқушы қатысты. Ал «Елбасы медалі» жобасына 332 адам атсалысты. Аталған жобалардың жүзеге асуына Елбасы қоры қолдау көрсетті.