Киіктердің Атырауға қоныс аудару кезеңі басталды. Осыған орай жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде «Ақбөкен» рейдтік жұмыстары жүргізілуде.
Басты мақсат – бөкендермен бірге жылжып, Атырауға аяқ басқан браконьерлердің жолын кесу. Шаралар жыл соңына дейін жалғаспақ. Іске білек сыбанып кіріскендердің арасында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары ғана емес, полицейлер, шекара қызметкерлері мен Ақжайық резерватының мамандары да бар.
Азамат ӘБІҒАЛИЕВ, Индер ауданы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бөлімінің бас маманы
Желтоқсанның онынан бастап, киіктердің шағылысуы басталады. Киіктердің шағылысуынан рейдтік шараларды күшейтеміз. Өйткені шағылысқаннан бастап, киіктердің көшіп-қонуы басталып, осы Батыс Қазақстан облысынан Индер ауданына өтеді.
Жоғалып кету қаупі бар ақбөкендерді аймаққа көптеп келеді деп айту қиын. Дегенмен соңғы жылдары Құрманғазы және Индер ауданына жануарлардың мыңдап жосылғаны жасырын емес. Былтыр Атырауда киелі аңға оқ атып, мүйізін олжалаған браконьерлік топ қолға түскен еді. Тінту барысында 6300 мүйіз тәркіленген. Оларды Алматыға жіберіп, артынша Қытайға экспорттамақ болған. Заңға қарсы әрекет еткендердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жетеуі сотталды. Ал мемлекетке келтірілген шығын 5,5 млрд теңгені құраған.