Екі жарым айда бейнебақылау қамераларының көмегімен облыс бюджетіне 113 млн теңге түскен. Күні кеше жергілікті полицейлер мұндай ақпаратты айтуды жөн көрмегенімен мәлімет облыстық мәслихаттың 49-шы сессиясында жарияланды.
Әсет ОРАЗҒАЛИЕВ, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы
-Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 10-қыркүйек пен 20-қараша аралығында 23 483 жол жүру ережесі бойынша 23 483 құқық бұзушылықтар тіркелді. . Осыған сәйкес, 190 миллион 751мың теңге айыппұл салынып, 113 миллион 757 мың теңгесі бюджетке өндірілді.
Мектептердегі кезекші сыныптардың ашылуына орай мұғалімдердің еңбекақысын арттырып, мал шаруашылығы саласын дамытуға жергілікті қазынадан қосымша қаражат керек. Сондай-ақ, жиында пандемия салдарынан орындалмай қалған жоспарларға байланысты 4 млрд теңгеге жуық қаражатты қысқарту ұсынылды.
Азамат СӘЛІМБАЕВ, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы
Облыстық бюджеттің шығыс бөлігін 3млрд 864 млн теңгеге қысқарту ұсынылады. Олар карантиндік шараларға байланысты, мемлекеттік сатып алу конкурстары өтпей қалуына, қаладағы автокөлік жолдарын қайта жаңғыртуға және жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы шеңберінде қаражат қайта бөлінуіне байланысты үнемделген қаражат ретінде саналады.
Сессия барысында балық шаруашылығындағы мамандар тапшылығы мен Атыраудағы қос бекіре-балық өсіру зауытының мәселесі талқылады. Оған қоса, мәслихат депутаттары күннен-күнге тартылып бара жатқан Жайықтың жағдайына да тоқталды.
Мұрат ӨТЕШОВ, Атырау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы
Жайықты тазалау жұмысы бізде жүргізілмейді. Оның астында неше түрлі дүниелер жатыр. Құрылыс материалдары, түсіп кеткен көліктер, болмаса басқа темірлер де бар. Онымен кім айналысады? Қала әкімінің қолдауымен су құралдары кесіліп, металломға тапсырылды. Ол жүйелі жұмыс алға жалғаспай қалды. Қазір олар таттанып, суды бүлдіріп жатыр.
Кезекті отырыста «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағына ұсынылатын алты адамның есімі аталды. Олар – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқандар.