Маңғыстау облысында сұйытылған газ мәселесі өршіп тұр. Осыған байланысты газ құю бекеттерінің иесі журналистерден көмек сұрады. Жиналған кәсіпкерлер газ көлемінің тең бөлінбейтініне наразы.
Газ желісі ұйымы арқылы дайын өнім алып отырған олардың бір айлық көлемі бүгінде 8 тоннаға әрең жетеді. Жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда төрт процентке азайған.
Тағанияз БОҚАНОВ, кәсіпкер
Біз 2018 жылдан бері Астанаға да бардық, министрлікке де бардық. 10-15 рет хат жаздық. Бірақ нәтиже шыққан жоқ. ГСО-ны жабу керек деп талап етіп отырмыз.
Олжас ТАУБОЛҒАНОВ, кәсіпкер
Заңды өзгертпей-ақ қойсын, заңға бір қосымша енгізіп берсін. Егер де газды тұтынушылар зауыттан 200 км. алыс орналасса, онда ГСО арқылы жұмыс жасауға қарсы емеспіз. Ал егер 200 шақырымға жетпесе, онда біз тікелей зауыттан алайық. Ақша бірден соларға түссін. Біз баяғыша зауыттан тіке алғымыз келеді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті әкімдік те, министрлік те бұл жағдайдан құлағдар болғанмен нәтиже шығарар емес. Мәселемен үш айдан бері таныс облыстық энергетика басқармасы да енді қимылдайтындарын айтып отыр.
Бауыржан ЕРПАНОВ, Маңғыстау облыстық энергетика басқармасының өкілі
Талаптарын айтты, заңдылыққа өзгеріс енгізу керек дейді. Газ желісі ұйымдарын алып тастауды айтты. Тікелей зауыттан алғысы келеді. Жазған ұсыныстарын қазір облыс әкімінің канцеляриясына тапсырады. Соны қарап, жауап береміз. Сосын ары қарай энергетика министрлігіне жолдайтын боламыз.
Егер проблема шешімін таппаса, алдағы уақытта кәсіпкерлердің бекеті жабылып қалуы да ғажап емес. Яғни, жұмыссыздық белең алуы мүмкін. Сондықтан газ құю бекетінің қожайындары іс насырға шаппай тұрғанда оңтайлы әрекеттің жасалғанын қалайды.