Тұңғыш Президент күні қарсаңында мақаттық тұрғындар марапатқа бөленді. Мәдениет үйінде өрбіген шарада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаяны мен саяси еңбек жолына шолу жасалды.
Мінберде сөз алған аудан әкімі жұртшылықты тарихтағы таңдаулы күнмен құттықтап, елімізді жетістікке жетелеген Тұңғыш Президенттің ерен еңбегіне тоқталды. Салтанатты шарада ауданның дамуына үлес қосқан 12 қызметкерге елеулі еңбегі үшін Алғыс хат табысталды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне жаңадан қабылданғандарға партиялық билет табысталды. Еңбектері еленгендер билікке алғыстарын білдірді. Олардың қатарында темір жонушыдан бастап етікшіге дейін бар.
Мерекені тойлауға жиналған көпшілікке ән-күйден шашу шашылды. Мақат балалар өнер мектебі жанынан құрылған фольклорлық ансамбльдің өнерпаздары көптің көңілін шалқытты.