Еуропалық Одақ тұрғындары коронавирусқа қарсы екпені жыл соңына дейін алады. Бұл туралы Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.
Бірер күн бұрын Брюссельдің америкалық Модерна компаниясымен 160 миллион доза екпеге алдын ала тапсырыс беру туралы алтыншы келісім жасағандығы белгілі болды және бұл соңғысы емес көрінеді. Еуропалық Комиссия Еуроодаққа мүше елдерді кідірмеуге және қазірден бастап жеткізуге қажетті логистикалық тізбектерді құруға шақырды.
Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия басшысы
Еуропа тұрғындары алғашқы екпені желтоқсан айының соңына дейін жасата алады. Екпенің болуы маңызды, бірақ ең бастысы оның беретін әсері. Мүше елдер бәріне дайын болуы керек. Миллиондаған шприц шығару, екпе жасау орталығын ашу, қызметкерлерді оқыту секілді жұмыстарды қазірден бастап қолға алған жөн.
Binder неміс компаниясы вакциналарды сақтауға арналған тоңазытқыштар дайындауда. Олардың әрқайсысына 117 мың доза екпе сыяды.
Петер Виммер, Binder вице-президенті
Қарапайым тоңазытқышқа ұқсайды. Біз табиғи салқындатқышты қолдандық. Ашып қарағаннан-ақ оның іші салқын екенін байқауға болады. Температурасы сыртқы температурадан 100 градусқа төмен. Екпелер соның ішіндегі қорапта сақталады.
Рождество мерекесіне қарсы коронавирустың таралуы да бәсеңдейді деген үмітен еуропалықтар шектеу шараларын жеңілдете бастады. Францияда басқа орталықтармен қатар ойыншық дүкендерін ашуға дайындалып жатыр.