Оқу жылының екінші тоқсанында әзірге еш өзгеріс байқалмайды. Ата-аналар мен ұстаздар қанша күтсе де, алғашқы күні 5-сынып оқушылары үшін кезекші сынып ашылмады.
Еске салсақ, республикалық ведомствоаралық комиссия 5-сынып оқушыларының білім алуын мектеп қабырғасында өткізгенін мақұлдаған еді. Әйтсе де, соңғы шешімді өңірдің бас санитарына қалдырды. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпіздігін бақылау департаменті Атырау облысындағы эпидемологиялық ахуалдың тұрақтылығына қарамастан шәкірттердің қашықтықтан тәлім алатынын хабарлады. Ал білім басқармасындағылардың сөзінше, мәселе әлі де талқы үстінде. Нақты жауап сәл кешірек беріледі дейді олар.
Шенеуніктердің шешімді неліктен кешіктіріп жатқаны белгісіз, дегенмен шәкірттер дәстүрлі форматқа көшсе, шамамен 5 мыңдай 5-сынып оқушысы мектеп партасына қайта отырады.