Әлеуметтік желіде емханадағы ұзын-сонар кезекті бейнелеген видео тарады. Карантин ережелерін естен шығарған көпшілік арақашықтықты сақтамақ түгілі, кіреберістің өзінде ине шаншар орын қалдырмаған.
Аурухана басшысы жоспарлы профилактикалық тексеру жұмыстарындағы жүйесіздіктер үшін кешірім сұрады.
Әсия НАРЫНБАЕВА, №1 қалалық емхана директоры
Осы үшін ата-аналардан, оқушылардан кешірім сұраймыз. Алдағы уақытта санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, ережелерді сақтап және басқа форматта өткіземіз деген ойдамыз. Өзіміз денсаулық сақтау басқармасымен ақылдасып отырмыз. Алдағы уақытта онлайн режимге де өтуге болады.
Бүгінде емхананың қарауында 11 мектеп, 16 мыңнан астам оқушы бар. Келушілердің көп болатыны сонша, тар дәлізден соқтығыспай өту мүмкін емес.