Жылыойда «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс XXXIII конференциясы өтті. Жиынға өкілеттілік нормасына сай 12 бастауыш партия ұйымынан 50 делегат қатысты.
Қос кезең бойынша ұйымдастырылған жария пікірсайыс кезінде облыстық мәслихат депутаттығына ұсынылған алты үміткер анықталды. Кандидаттар жарыссөзде алдымен сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Көпбалалы отбасылардың тұрмысын түзеу, мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту, мұғалім мәртебесін көтеру, жұмыссыздықпен күрес – басты тақырыптар. Ал аудандық мәслихат депутаттығы сайлауының партиялық тізіміне 30 адам бекітілді. Дауыс беру «Жабық, электронды, рейтинг» бағыты аясында жүзеге асты.
Конференцияның келесі кезеңі бойынша «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының кезектен тыс өткізілетін XXXIІ конференциясына делегаттар сайланды. Аудан әкімі Парламент мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізу үшін «Nur Otan» партиясының сайлауалды штабы құрылғанын айтып өтті.