Қазан айынан бері әскери форманы заңсыз киген 28 атыраулыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында Атырау гарнизоны әскери полициясының бөлімшесі мен тәртіп сақшылары арнайы акция жүргізуде.
Қазақстан Республикасының заңнамасында әскери форманы заңсыз кигені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға 13 890 теңге, ал заңды тұлғаларға 69 450 теңге айыппұл салынады. Дегенмен дәл мұндай жауапкершілік арқалағандар әзірге жоқ.
Бахтияр ДӘУРЕНҚҰЛОВ, Атырау гарнизоны әскери полиция бөлімшесінің капитаны
Әскери формалардың айрықша белгілері бар үлгілері көптеген дүкенде еркін сатылады. Бұл киімдер қарапайым тұрғындар арасында ыңғайлылығымен және арзан бағасының арқасында жоғары сұранысқа ие. Әскери киімдер негізінен ауысым формасы немесе жұмыс формасы ретінде қолданылады. Тұрғындардың құқықбұзушылықтары әскери қызметкерлер жасаған бұзушылық ретінде қабылданады. Нәтижесінде, бұл Қарулы Күштердің имиджіне және әскери адамның сыртқы келбетіне кері әсер етеді.
Мұндай түсіндіру жұмыстары әскери полиция қызметкерлері мен мерзімді қызметтегі сарбаздар Қарулы Күштер қатарынан босатылған кезеңінде, сондай-ақ, мектептердегі және жоғары оқу орындарының әскери кафедраларындағы алғашқы әскери дайындық мұғалімдерімен ұдайы жүргізіліп отырады.