Сеулде ұшқышсыз ұшатын таксилер мен пошта дрондарының көрмесі өтті. Оны Көлік министрлігі мен ел астанасының мэриясы ұйымдастырды. Басты мақсат – әлемге Оңтүстік Кореяның әуе көлігі саласы бойынша жақсы дамығанын көрсету.
Әуе кемесінің ұшқышсыз ұшуын басқару мен үйлестіруді Оңтүстік Корея инженерлері жасаған K-drone деп аталатын жүйе жүзеге асырады. Ол бір уақытта бірнеше құрылғының ауада қауіпсіз қалқып жүруін қамтамасыз ете алады. Ұшқышсыз такси мен жүк дрондарының көрмесі әлемде алғаш рет өткізіліп отыр. Арнайы жабдықталған ұшу алаңы Ханган өзенінің жағасында дайындалған. Екі жолаушыны тасымалдауға қабілетті ұшақтың әуеге көтеріліп қайта қонуы сынақтан сәтті өтті. Одан бөлек, пошта дрондарының да қозғалысы сыналды.
Әуе таксиін жасап шығарумен Hanwha және Hyundai компаниялары айналысады. Олардың айтуынша, коммерциялық өндіріс 2025 жылы басталмақ. Ұшқышсыз әуе таксиінің жұмысын толыққанды іске қосу 2028 жылға жоспарланып отыр.