Палестинаның ең танымал саясаткерлерінің бірі Саиб Эрикат 67-ге таяған шағында өмірмен қоштасты. Ол Израильмен бас келіссөз жүргізушісі және Палестина басшысы Махмуд Аббастың ең жақын серіктесі болды.
Дипломаттың өліміне коронавирустың асқынуы себеп болған. Эрикат 9 қазан күні вирус жұқтырғанын хабарлаған еді. Бірнеше күн үйінен ем алып, кейін жағдайы нашарлап Иерусалимдегі Израиль Хадаса ауруханасына жеткізілген. Ол қауіпті топтағы адамдар қатарында болған. Бұған дейін ол инфаркт алған және өкпе трансплантациясын жасатқан.
Саиб Эрикат Палестинаның азаттығын қолдайтын ФАТХ қозғалысының мүшесі және басшысы Ясир Арафаттың сенімді өкілі болды. 2004 жылы Арафат қайтыс болғаннан кейін оның мұрагері Махмуд Аббастың көмекшісі болып сайланды.
Өткен айда да Эрикаттың өлімі туралы алып-қашпа әңгіме тараған еді. Бірақ Палестина денсаулық сақтау министрлігі оны жоққа шығарып, ақпараттық сайттардың аузын жапқан.