Дания билігі коронавирустың мутацияға ұшырауынан қауіптеніп, елдегі күзендерден құтылу туралы шешім қабылдады. Олар 17 млн қаракүзеннің көзін жоятын болды. Мұндай ақпаратты елдің премьер-министрі Метте Фредериксен мәлімдеді.
Оның айтуынша, сүтқоректілерге жұққан коронавирус мутацияланып, артынша адамдарға тараған. Денсаулық органдарының мәліметінше Солтүстік Ютландияның 12 тұрғынынан анықталған коронаиврустың өзгеріске ұшыраған түрі вирусқа қарсы дайындалып жатқан вакцинаның күшін әлсіретіп, антиденелерді жоятын көрінеді.
Жалпы, Дания – қаракүзен терісін өндіруші ірі мемлекеттердің бірі. Елде осы жануар түрін өсіретін мыңнан астам шаруашылық бар. Коронавирус инфекциясының күзендерге жұқтыру жағдайы 200-ден астам фермада тіркелген. Қазірдің өзінде олардың үштен бірі жануарлардан толық тазарған. Сондай-ақ, бұл шаруашылықпен айналысатын кәсіпкерлерге өтемақы төленеді.