Жылыойда «Теңізшевройл» компаниясының өкілдері мен қоғамдық белсенділердің қатысуымен өткен кездесуде әлеуметтік жобалар мен оларды іске асыру бағыттары қаралды.
Аудан әкімдігі ұйымдастырған шараға бір ай дайындық жұмыстары жүргізілді. Басты талап – мәселелер мен басымдықтарды бірлесе анықтап, шешімін табу.
Қоғамдық белсенділердің айтуынша, аймақта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оңалту жұмыстары қолға алынбаған. 80 мыңнан астам халықтың 3%-ы мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың қай-қайсысына да көмек керек.
Ақмарал ХАЛЕЛОВА, белсенді
Ауданымыз мұнайлы өлке бола тұра оңалту орталығының жетіспеушілігі байқалады. Бүгінгі күнде 2 164 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Осы жандардың баратын жері жоқ, емделетін мүмкіндік жоқ. ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасы арқылы оңалту орталығын салып берсе деген ұсыныс бергіміз келіп отыр.
«Теңізшевройлдың» Жылыойда қарқын алған жобаларының бірі – «Қоғамдық кеңістіктер». Бағдарлама аясында балалар алаңдары, спорт нысандары, саябақтар мен мектеп асханалары қайта салынып, жабдықталды. Тұрғындардың құрылыс жұмыстарына тікелей өздерінің тарғылғанын атап өткен жөн. Тек мұнай компаниясы жабдықтарды сатып алуға көмектеспек.
Былтырдан бері бұл жоба Жылыой ауданының төрт елді мекенінде жүзеге асырылды. 14 нысанның 11-і пайдалануға берілді, тағы үшеуі күздің соңына дейін аяқталады. Мердігер мекеме жобаның жұмысын одан әрі жалғастыруға ниетті. Ал кездесуге қатысқандар бес маңызды әлеуметтік жобаны іріктеу және іске асыру бойынша өз ұсыныстарын айтты. «Теңізшевройл» мекемесі өкілдерінің айтуынша, халық үшін аса қажетті жобаларға қолдау көрсетіліп қалуы да мүмкін. Ал жергіліктегі биліктегілер бағдарламаларды әзірлеуге және консультациялық кеңес беруде көмек беретінін айтты.