Отағасынан ерте айырылып, мүмкіндігі шектеулі ұлын бағып отырған дендерлік Болған Ғаббасова – баспана тауқыметін тартып келгендердің бірі. Өткен ғасырдың бел ортасында салынған ескі үй тұруға мүлдем жарамсыз. Ал жаңа үйді қалауға жалғысбасты ананың жағдайы жетпейді.
Мемлекеттік жәрдемақының күшімен ғана күнелтіп отырған жанұяның жанайқайына дендерлік еріктілер бей-жай қарай алмады. Жомарттықты жаны сүйгендер бастамаға қолдау көрсетіп, мүмкіндіктеріне қарай қаржылай үлес қосты. Оған Атырау облыстық «Иманғали» мешіті де қолдау білдірді. Ойда жоқта жанға жайлы үйге қол жеткізген отбасының елге айтар алғысы шексіз.
Болған ҒАББАСОВА, тұрғын
Бүгін баспанаға қол жеткізіп, үлкен қуанышқа кенеліп жатырмыз. Бұл – біріншіден, Алланың қалауы, екіншіден халқымыздың, қайырымды жандардың арқасы. Алғысым шексіз. Балаларым да дән риза.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша биыл 307 баспана кілті мұқтаж жандарға берілсе, оның 18-і – Атырау облысына тиесілі. «Иманғали» мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысқанұлы халықтан жиналған қаржының бір бөлігін отанасына табыстап, игі тілегін білдірді.