Әлемді аласапыран күйге түсірген індетті жұқтырған Индер ауданындағы алғашқы науқас 6 мамырда тіркелгенмен, маусым мен шілде айларында жағдай күрделене түсті.
Сырқаттанғандардың арасында медицина қызметкерлері де бар. Өкінішке орай, дерттің салдарынан 16 адам ауруханада көз жұмса, 10 адам үйінде қайтыс болған. Оның біреуі – медицина қызметкері. Дегенмен алғашқы кезеңнен алған сабақ екінші толқынды жеңіл өткеруге сеп болады дейді дәрігерлер.
Анар ДОСПАЕВА, аудандық аурухананың бас дәрігері:
Индер аудандық ауруханасының дайындық іс-шаралар жоспары жасақталып, барлық мәселе күн тәртібіне қойылып отыр. Бүгінгі күнде орталық ауруханада 64 кереует орналастырылды. Жағдай ушығып жатса, 80 кереуетке дейін жеткізу жоспарда бар. Сонымен қатар, емханадағы күндізгі кереуеттерді қажетті провизорлық стационарға айналдыру жоспарланып отыр.
Медициналық мекемеде өкпені жасанды желдету аппаратының сегізі, 62 ауа конденсаторы, 76 пульсоксиметр, 7 тепловизор, 11 848 медициналық қолғап, 47 839 медициналық маска секілді қажеттіліктермен қатар дәрі-дәрмектің 4 айлық қоры жасақталған. Сондай-ақ, қосымша көмек алу үшін 10 мл теңгеге СК «Фармация» мекемесіне сұраныс жіберілген. Алайда жел өтінде жүріп сырқатқа шалдыққан медицина қызметкерлеріне берілуі тиіс төлемақының бәріне бірдей тимей отырғаны түсініспеушілік тудыруда.
Сәния АХМЕТОВА, аурухана қызметкері:
Індетпен күресте жүріп вирус жұқтырған қызметкерлер де болды. Бірақ бір реттік өтемақылар 4 адамға ғана беріліп, тағы да 12 адамға тағайындалыпты деп естідік. Пандемия уақытында медицина қызметкерлері жұмыла қызмет еткенін білген жөн.
Аудандық бас дәрігердің айтуына қарағанда, бұл жағдайды шешу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұрау жолданған. Сала басшысы дәрігерлердің еңбегі лайықты бағалану керектігін және соған мүдделі екенін айтады.