Мамандар интернеттегі алаяқтықтың карантин кезеңінде етек алғанына көптеген дәлел келтіреді. Оған жұмыссыздықтың әсер еткенін айтады.
Мысалы, маңғыстаулық Махаббат Нұржанқызы суреті мен телефон нөмірінің бейәдеп контентте жарияланғанын кездейсоқ білген. Арудың қандай қызмет көрсететін сұрап, қоңырау шалған бейтаныс жігіт оның жеке мәліметі желіде ашық көрсетілгенін айтыпты.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ, жәбірленуші:
Вконтакте әлеуметтік желісінде менің суреттерімді пайдаланған және абоненттік номерім жазылған бір аккаунт бар екенін бір кісі хабарлады. Содан кейін жеке суреттеріммен бірге ар-намысыма тиетін түрлі картиналардың қатар қойылғанын көрдім. Осыған орай полицияға барып арыз жаздым. Мен ол кісінің жауапкершілікке тартылуын талап етем.
Заңгерлер азаматтардың цифрлық құқығына байланысты қолданылатын жаза мен айыппұлдың бар екенін айтады. Бірақ кей мәселелер аяқсыз қалуы мүмкін.
Ғабдұл-Ғани ӘБУТӘЛІП, заңгер:
Заң интернет-алаяқтарға тосқауыл бола алады. Әрине, алдымен оған лайықты екенін дәлелдей алу керек. Біздің Қылмыстық кодексте қылмыстық құрам деген түсінік бар. Сол бойынша барлық белгілері сәйкес келетін болса, онда оны алаяқтық деп қарастыруға болады. Полицияның оларды жазалауға немесе тұтқындауға, тіпті болмаса басқа да құқық қорғау шараларын қолдануға құзыреттілігі бар.
Дегенмен полиция тұрғынның арызын қабылдаса да, алаяқты тауып беруге уәде бере алмады.