Бұл туралы Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникациялар орталығы алаңында өткен брифинг барысында «Гидробиология және экология институты» мекемесінің батыс секторының басшысы Тимур Баймұқанов мәлімдеді. Оның айтуынша, Каспий теңізінің биоалуан түрлілігін сақтауға арналған зерттеулер мен шаралар жүргізуді көздейтін жоба қолға алынды.
Жоба аясында 15-28 қыркүйек арасында Жаңа, Теңіз, Подгорный, Рыбачий, Құлалы аралдарының жағалауында және аралдар арасындағы қайраңдар учаскесінде, Итбалық Архипелагы аралдарының ұзына бойына тексеру жүргізіледі. Сондай-ақ, қоқыс пен торларды жинау бойынша жұмыстар қолға алынбақ. Спикердің сөзінше, Каспий итбалығы балық аулауға арналған торға түсуден өліп жатыр.
Осы жоба аясында 2019 жылдың күзінде Түпқараған жартыаралының батыс жағалауында жүргізілген өлі итбалықтардың денесін зерттеудің нәтижелері олардың өліміне балық аулау торларына түсуі себеп болғанын көрсетті. Бұл экспедиция 2019 жылдың қыркүйек-қазан айларында ұйымдастырылып, 3 аптаға созылды. Осы уақыт аралығында жалпы салмағы 2 850 келі болатын 500-ге жуық тор және 6 500 келіге дейін жеткен өзге де қалдықтар жиналды. Каспий теңізінің жағалау бөлігіндегі 94 километр аумақ тазартылды. Жағалаудан табылған торлардың көпшілігі моножіптерден және ірі көзді торлардан тұратынын атап өткен жөн. Итбалықтар үшін осылар өте қауіпті. Себебі, жануарлар бұларға тез шырматылады. Сосын өліп қалады немесе тордың үзілген бөлігіне оралып, жаралы күйде жүреді. Кейін бәрібір осы жай олардың өліміне әкеліп соғады.
Тимур Баймұқановтың сөзінше, жағалаудан көп мөлшердегі қоқыс табылды. Тексеру барысында ені 50-ден 100 метрге дейінгі жолдың әрбір шақырымынан орта есеппен 120 кг болатын пластикалық бөтелкелер және өзге де қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. Зерттеулер пластикалық материалдың өте ұсақ бөлшектерге бөлінетінін көрсетті. Спикердің айтуынша, итбалықтар қоректену кезінде пластик материалдарды жұтуы мүмкін.
Тимур БАЙМҰҚАНОВ, «Гидробиология және экология институты» мекемесінің батыс секторының басшысы:Сонымен қатар, микропластик жануарлардың ағзасына тағам тізбегі арқылы, яғни олар жеген балықтар мен шаян тәрізділер арқылы енеді. Каспий итбалығы тағам тізбегін тұйықтаушы болғандықтан, олардың ағзасындағы пластик бөлшектердің болуын зерттеу мәселесі өте өзекті болып тұр. Жағалаудағы және Итбалық аралдарының акваториясында тастап кеткен торларды жинау Каспий итбалығының тіршілік ету мекенін сақтап қалу үшін қажет және Каспий теңізін қоқысқа толудан тазарту мен торлардан арылтудың маңызы өте зор.
Осы жобаны жүзеге асыру арқылы Каспийдің Қазақстандық бөлігіндегі итбалықтардың жоғалған мекендерін қалпына келтіру жолға қойылды.