Кеше Атырау әуежайынан Алматыға бағыт алған «FlyArystan» әуе компаниясының ұшағынан техникалық ақау шықты. КС-7201 рейсінің ұшуы барысында желдету жүйесіндегі авионикалық дабыл іске қосылып, экипаж мүшелері кері қайтуды шешкен.
Куәгерлердің сөзіне сенсек, әуе кемесі Атыраудың аспанын бір сағат бойы айналыпты. Ал компания өкілі ұшақтың не себепті бірден қондырылмағанын былай түсіндірді:
Ләззат НӘБИЕВА, «FlyArystan» әуе компаниясының баспасөз хатшысы:
– Әуе кемесінің қондыру салмағын азайту үшін жанармайдың таусылуын күтуге тура келді. Ұшақ штатты режимде жерге қонағаннан кейін «ЭйрАстананың» инженерлік қызметі техникалық тексеріс жүргізді. Жарты сағат ішінде әуе кемесі эксплуатациядан өтіп, ақау қалыпқа келтірілді. Жолаушыларды қондырып, кері тіркеуден өткізуге бір сағат 40 минут уақыт кетті.
Алғашқы рейсте 144 жолаушы болғанымен, ақаудан кейін оның 27-сі ұшаққа қайта мінуге жүрексінген.