«Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері жүргізген тексеріс барысында әскери билет пен жүргізуші куәлігін жасайтын жігіт туралы таралған ақпарат расталды.
Өзін бірде ресейлік, бірде елорда тұрғыны ретінде таныстырған азамат жүргізуші куәлігін категориясына қарай 60-80 мың, ал әскери билетті 100-150 мың теңгеге әзірлеп береді. Пысықай жігіттің жасаған құжатына қол жеткізгендер телеграм арқылы алғыс та айтқан. Дегенмен Атырау облысында мұндай жағдай тіркелген жоқ.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері емтихан тапсыру кезеңі әділ өтетіндіктен, осы секілді жайттарға жол берілмейді деп отыр.
Едіге ДОСҚАЛИЕВ, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ АОФ бөлім басшысы:
– Әлеуметтік желіден көріп жатырмыз. Бірақ ол жерде алаяқтық әрекеттер жасауға ешқандай мүмкіндік жоқ. Камералар орнатылған. Толық қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылған. Оған қоса, смартфон, телефон, тағы да басқа құралдарды пайдалануға мүмкіндік жоқ.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жалған құжаттың жасалу жолын анықтап жатыр.