ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ҚР ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен енгізген ұсыныс облыстық Білім басқармасы өткізген шұғыл мәжілісте қаралды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға Департамент басшысы Б.Жылқыбаев, басшының бірінші орынбасары С.Қаныбеков, аға тергеуші А.Абдулов және Білім басқармасының басшысы А.Сейдалиев пен басқа да мамандар қатысты. Мәжілісте Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің статистигі жасаған заңбұзушылық қаралды.
Онда заң бұзушылық жасаған тұлға өзінің сабаққа қатыса алмайтын бірнеше танысына коллежде тегін оқуға жолдама алып берген. Кейін таныстарының құжаттарын жинап алып, банк шотын аштырған. Сондай-ақ, олардың әрқайсысына диплом алып беруге уәде беріп, есепшот карталарын жинап алған. Осылайша, әрқайсысына ай сайын 21 700 теңге көлемінде төленетін шәкіртақыны иемденіп келген. Жалпы сомасы 1 627 500 теңгені осылай қалтаға басып келген.
Жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті тарапынан Жаңаөзен қалалық білім бөлімінде орын алған заңбұзушылықты қатаң бақылауға алып, осындай фактілерді жою жөнінде Білім басқармасы тарапынан тиісті шаралар қолдану ұсынылды.