Мектептерде өткізілетін салтанатты жиындарға биыл тоқтау салынып, ресми түрде сыңғырлаған қоңырау үні естілмеді. Есесіне, биылғы оқу жылы жаңа ережеге толы болмақ.
Оқушылар мектепке дене қызуын өлшетіп, антисептикпен қолдарын залалсыздандырып барып кіргізіледі. Ал сабақ үстінде бетпердемен отыру міндет.
Қазір жұмысына рұқсат етілген Атыраудағы 60 мектептің бірі – №27 И.Тайманов атындағы орта мектептің басшылығы оқу жылына толық дайын екенін айтады. Санитария талаптары да қатаң сақталмақ.
Ару ҚОСЫМБАЕВА, мектеп директоры:
– Арнайы мамандар келіп, мектебімізді қарап, тексеріп дайын екенін көрді. Кезекші сыныптарды ашуға толық мүмкіндігіміз бар екеніне көз жеткізіп, рұқсатын берді. Барлық оқушы күнделікті сабаққа келгенде олардың ата-анасы мектептің сыртынды қалып, аула ішінен мұғалімдер қабылдап алады.
Бір кезекші сыныпта 15 бала оқиды. Жетекшілердің сөзіне сенсек, барлық пән өз ретімен оқытылады, карантиндік шектеулерге байланысты тоқтатылған сабақ әзірге жоқ.
Биыл Атырау бойынша 8000-нан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Оларға арналып 340-қа жуық кезекші сынып ашылды.