АҚШ Иранға қарсы санкция салмақ. Бұл туралы ақ үй басшысы Дональд Трамп мәлімдеді.
Вашингтон бұл жолы Ирандағы уран өндірісін тоқтатпақ. Сонымен қатар, Иранға салынған қару-жарақ эмбаргосын тағы 13 жылға дейін ұзарту көзделіп отыр. Бұл санкция осы жылдың қазан айында аяқталуы тиіс еді. Алайда БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың бұл шешімін қолдамаған. Дауыс беру кезінде қару-жараққа қатысты тыйымды АҚШ пен Доминикан Республикасы қолдаса, Ресей мен Қытай қарсы болған. Ал ұйымның қалған 11 мүшесі дауыс беруден қалыс қалған.
Иран мен әлемнің жетекші алты державасы 2015 жылдың шілдесінде бірнеше айлық келіссөзден кейін Иран атомына қатысты мәселені шешу туралы тарихи келісімге қол жеткізген еді. Тараптар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі, АҚШ және Еуроодақ енгізген экономикалық және қаржылық санкцияларды Ираннан толығымен алып тастауды көздейтін жан-жақты іс-қимыл жоспарын қабылдады. Алайда бұл мәміле 3 жылға да жетпеді. Себебі, 2018 жылдың мамыр айында АҚШ келісімді бұзатынын және қайтадан Тегеранға қарсы қатаң санкцияларды салатынын жариялады.