Еңбекке қабілетті 700 мың қазақстандық жыл соңына дейін жұмыссыз жүруі мүмкін. Мұндай болжамды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов баспасөз мәслихатында айтты.
Карантиндік шектеулер мен вирустың өршуі жұмыссыздықтың өсуіне әсер етпей қоймады. Шектеу шараларының шарықтау шегінде жұмыссыздар 4 миллион 200 мыңға жетіпті. Маусымда бұл көрсеткіш 1 миллионға дейін қысқарған.
Серік ШАПКЕНОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
– Егер карантин ұзарып, инфекция қайта күшейсе, онда бұл көрсеткіш тағы да көбейеді. Бірақ бұл кезде жұмыспен қамтудың жол картасын қолданамыз.
Қазақстанда жұмыссыздардың саны 8 есеге өскен. Вице-министрдің сөзінше, 11 мың адам мемлекеттік бағдарламалар аясында қызметке орналасты. Ал Атырауда 18 мыңға жуық тұрғын жұмыссыздыққа тіркелген.