Атырауда дәрігер-сурдолог жоқ. Кохлеарлы имплант жүйесі орнатылған балаларға жағдай жасалмай тұр.
Гаухар Қабдошова құлағында мүкісі бар қызының имплантын бір жыл бұрын квота арқылы жасатқанын айтады. Алайда құрылғыны жарты жыл сайын тексертіп тұру керек. Сол үшін әр алты айда перзентін ертіп өзге қалаға сабылуға тура келеді. Бірақ карантиннің кесірінен ол да мүмкін болмапты.
Гаухар ҚАБДОШОВА, ата-ана:
– Қызым бұрыннан аздап естіп жүрді. Бірақ есту қабілеті төмендей берген соң, осы кохлеарлы имплантты жасаттық. Қазір қызым сөйлейді. Құлақ ішіне орнатылатын құрылғыны 6 ай сайын ретке келтіріп тұрамыз. Сол үшін дәрігерлерді арнайы шақыртып отырмыз. Карантинге байланысты өзіміз Алматыға барып тұрушы едік.
Құны 8 млн теңге тұратын ота Қазақстанда 2003 жылдан бері жасалып келеді. 2007 жылдан бастап мемлекеттік бағдарлама арқылы тегін өткізілуде. Бүгінде елімізде 10-ақ сурдолог маман бар. Олар науқастарды Алматы, Нұр-Сұлтан, Петропавл, Қостанай, Орал қалаларында ғана қабылдайды.
Нәйлә ТӨЛЕБЕКОВА, дәрігер-сурдолог:
– Қазіргі күні аймақтардағы ең маңызды мәселе – аппаратты баланың есту дәрежесіне сәйкестендіретін мамандардың жоқтығы. Осы кездесу арқылы жергілікті жас мамандарды біздің емханада оқытуға келісім жасауға ниеттіміз. Жуық арада сіздерде де өз мамандарыңыз болады.
Елімізде квота арқылы имплант қондырған балалардың саны 2000-нан асады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы биылғы карантинге байланысты дәрігер-сурдологты шақыртып, жағдайды жеңілдетті.
Әлфия ТӨЛЕҒАРИЕВА, Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
– Басқарма басшысының өзі осы мәселеге тікелей араласып, демеушілер арқылы бір топ мүгедектігі бар балаларға Алматыдан дәрігерді алдырттық. Балаларға және дәрігерге қолайлы орта жасау үшін басқарма ішінен бір бөлмені босатып, емдерін жүргізіп жатыр. Бұл жолы тек 15 баланы қабылдайды. Келесі жолы 17 бала үшін келеді.
Әлфия Төлеғариеваның сөзінше, алматылық мамандар көмек қолын созуға қашан да дайын. Тек облыстық денсаулық сақтау басқармасы қолға алға алса болғаны.