Caspian Life, 12 қараша. Атырау қаласында «Ақылды бағдаршамдар» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба заманауи технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы жол қозғалысын басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz сайтының хабарлауынша, қазір жүйе сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Осы кезеңде қала тұрғындарынан кейбір қиылыстарда жасыл бағыттаушы жебелердің немесе «жасыл плюс» сигналының жоқтығына қатысты ұсыныстар мен ескертулер түсіп жатыр. Алдағы уақытта қажетті қосымша белгілер орнатылмақ.
Барлық азаматтық өтініштер қалалық әкімдік пен полиция басқармасы тарапынан мұқият қаралуда. Қазір мамандар мердігер ұйыммен бірлесіп жүйенің жұмысын жетілдіру бойынша талдау жүргізіп, қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Қала аумағында барлығы 78 бағдаршам орнатылған:
– 42-сі қаланың «азиялық» бөлігінде (оның ішінде үшеуі жаяу жүргіншілерге арналған),
– 36-сы «еуропалық» жағында (екеуі жаяу жүргіншілерге арналған).
Жобаның аясында жүйеге 160 мыңнан астам дерек енгізіліп, олар арнайы алгоритмдер арқылы өңделеді. Бұл көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысын оңтайландыруға және жолдағы кептелістерді азайтуға мүмкіндік береді.

