CaspianLife, 10 қараша. Қазақстаннан Еуропа елдеріне заңсыз жолмен 75 тоннадан астам көксерке филесін (судак) экспорттауға қатысы бар тұлғаларға қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Мәліметке сүйенсек, «СПК Қызылорда Балық» ЖШС басшылығы 2022 жылы кеден органдарына жалған ақпарат беріп, жалпы салмағы 75 тоннадан асатын, құны 254 млн теңге болатын өнімді Еуропалық одақ елдеріне заңсыз шығарған.
Кәсіпорын балық өнімінің шығу тегін заңдастыру мақсатында оны шын мәнінде балық өсіруге немесе аулауға мүмкіндігі жоқ шаруашылықтардан алғаны туралы жалған құжаттар жасаған. Тергеу барысында бұл шаруашылықтардың тоғандары толығымен құрғап қалғаны, ал құжатта көрсетілген жүк көліктерінің тоңазытқыш жабдығы болмағаны және мүлде тасымалдауға қатыспағаны анықталды.
Сонымен қатар, жалған шот-фактуралар мен заңсыз берілген ветеринарлық анықтамалар фактілері де дәлелденді.
Сот үкімімен кәсіпорын құрылтайшысы Ерхатов А. мен директоры Қайыпназарова Л. кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Мемлекет пайдасына 254 млн теңге көлеміндегі заңсыз табыс өндірілді.
Агенттік хабарлауынша, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

