«Атырау» облыстық футбол командасы» ЖШС-нің директоры болып Қуандық Қалбайұлы Жақиялиев тағайындалды.
Қуандық Жақиялиев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2002–2012 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған.
2013 жылдан бастап «Атырау» футбол клубында балалар мен жасөспірімдер жаттықтырушысы қызметін атқарып, кейін клубтың футбол орталығын басқарған. 2017–2021 жылдары Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Геолог және Ақсай ауылдық округтерінің әкімі болды. Бұдан соң қалалық ішкі саясат бөлімін, одан кейін облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты мекемені басқарды.
Қызмет барысында өзін тәжірибелі ұйымдастырушы ретінде танытқан. Оның шәкірттері бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасы мен Премьер-лига клубтарында ойнап жүр.
Клубтың жаңа басшысын ұжымға бүгін Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов таныстырды.