Ақтауда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар білім беру нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап mangystaumedia.kz сайты хабарлады.
Атап айтсақ, № 1, 2, 8, 9, 10, 12, 14, 16, 17, 20, 21, 22, 27 орта мектептері мен №19 «Толағай», №29 балабақша, №56 «Жұлдыз», №59 С.Шапағатов атындағы балабақша жөндеуден өтті. Аталған жұмыстарға бюджеттен 172 164,0 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар 29-шағынауданда орналасқан №28 жалпы білім беретін орта мектепке және 15-шағынауданда орналасқан IT мектеп-лицейге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ақтау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, №28 жалпы білім беретін орта мектепті жөндеуге 654 138,0 мың теңге бөлінген болатын. Жауапты мердігер мекеме – «Оңдасын строй» ЖШС. Ал IT мектеп-лицейге 497 300,0 мың теңге жұмсалмақ, жөндеу жұмыстарды мердігер мекеме «Нұрлы Жол Құрылыс» ЖШС өз жауапкершілігіне алды. Қазіргі таңда екі білім ордасындағы жөндеу жұмыстардың 87%-ы аяқталды.
Светлана ТУЛЕБАЕВА, Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы:
– Қазіргі таңда бағдарлама аясында қаламыздың жұмыссыздық есебінде тұрған 329 азамат жұмыспен қамтылды. Олардың еңбекақысы 85 мыңнан жоғары болды. Мердігер мекемелер жұмысшыларды тасымалмен және түскі аспен қамтамасыз етті. Жалпы 4 балабақшаның жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ал қалған 6 мектептің жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Тамыз айының аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.