ҚР Үкіметінің қаулысымен 10-тамыз ресми түрде Абай күні болып бекітілді.
Ақын, ойшыл, әрі көптеген философиялық шығарма авторының қай күні дүниеге келгені туралы ел аузында әр алуан пікір қалыптасқан. Дегенмен датасы белгіленіп, Қазақстандағы мереке күндері тағы біреумен толықты.
Аққали АХМЕТ, тарих ғылымдарының докторы:
– Бұны өте құптарлық іс деп айтамын. Себебі, ұлы Абайдың мұраларын қазақ халқына, соның ішінде мынау өскелең ұрпаққа кеңінен үлестіру керек. Оның жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше мән бергенін түсінуіміз керек. Данышпанның айтқан ойлары, пікірлері әр заманның талабына сай.
Аққали Ахметтің айтуынша, архив қорларында сақталған 1940 жыл, 16-мамыр күнгі 291-інші қаулыда 1945 жылы ұлы Абайдың 100 жылдығын тойлау шаралары қарастырылған және қаулының 2-тармағында бұл той 1945 жылдың 10-тамызында тойланады делінген. Сол жерде 10-тамыз – Ұлы Абайдың туған күні деп нақты көрсетілген.
Ал ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы өзінің Абайдың туған күні неге әр түрлі аталып жүр? деген мақаласында «Сонда о баста Абайдың өмірбаянын алғаш жазған зерттеушілер – Әлихан Бөкейханов, Кәкітай Ысқақов, Мұхтар Әуезовтар атамаған тамыз айының күндерін кім қайдан ойлап тауып отыр?» деп жазады. Сондай-ақ, ол ақынның туған күні 10-тамыз екеніне нақты дәлел жоқ екенін айтады.