Жарты жылда 100-ден аса азамат тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің көмегіне жүгінген. Сарапшылар мұны сатушы мен тұтынушы арасындағы қарым-қатынас мәдениетінің өспегендігі деп түсіндірді. Осыған байланысты жақында заңға өзгерістер енгізілді: шағымдарды қарау жүйесі реттеліп, арызды елемегендерге айыппұлдар қарастырылған.
Мырзахан ЕРҚАНОВ, Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
– Кәсіпкерлер тауар сататын орындарда тиісті құжаттарды көрсетіп қою керек. Сонымен қатар, сотқа дейінгі реттеу субьектілерінің, уәкілетті органның, яғни, біздің деТұтынушы партаменттің байланыс нөмірі мен мекен-жайын жазып қоюы тиіс.
Бұл арқылы тұтынушылар қайда хабарласатынын біле отырып, жаңа үш сатылы өтініштер жүйесін қолдана алады, яғни, сатып алушы дүкеннің әкімшілігімен байланысады. 10 күннің ішінде жауап болмаса, сотқа дейінгі реттеу немесе уәкілетті органға жүгінеді.
Мырзахан ЕРҚАНОВ, Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
– Осы жаңашылдықтар сатушы мен сатып алушы арасындағы мәдениеттің деңгейін көтеруге және қызмет көрсету мен тауардың сапасын арттыруға бағытталған. Сонда ғана сатушы сапалы тауар сатуға ұмтылады. Ал сатып алушы келіспей қалған жағдайда істі сотқа апармай-ақ сол жерде шеше алады.
Әркім өз құқығын қорғай алады. Шағымның негізсіз болмауы үшін аудио немесе бейнежазбаға жазып алуға болады, бұл кез келген сауда нысандарында заңмен рұқсат етілген. Тауарды айырбастаудан немесе ақшаны қайтарудан бас тартқаны үшін, сондай-ақ, сатушының, уәкілетті органның және сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің ақпараттарын орналастырмағаны үшін сауда нүктесінің иелері жарты миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді. Заңгерлер бірауыздан тұтынушының қауіпсіз және сапалы өнім алуға құқылы екендігін ескертеді.