Индер ауданында ауқымды жол құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша төрт ауыл аудан орталығындағы жаңа жолға қосылады. Соның арқасында елдімекендер арасындағы байланыс пен экономикалық даму деңгейі жоғарылайды деп күтілуде. Мәселен, Жарсуат ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылы Атырау–Индер күре жолынан 2 шақырым қашықтықта орналасқан.
Жол құрылысына төтенше жағдай режимі әсерін тигізбей қоймады. Шектеулерге байланысты жұмыстар уақытынан кеш басталған. Дегенмен құрылысшылар істі діттеген уақытында, әрі сапалы етіп жасауға уәде етті. Өйткені, жұмысшылардың басым бөлігі – ауыл тұрғындары.
Заманбек ОРЫНҒАЛИЕВ, жол учаскесінің басшысы:
– Жолдың биіктігі 40 см болады. Астына геотекстил төселіп, үстіне 15 см құм, 15 см қиыршық тас төселіп, 10 см асфальт төселеді. Жалпы ұзындығы 3 шақырым, ені 7 метр болады.
Жол құрылысын осы жылдың күзіне дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, биыл ауданға қарасты екі ауылдың газ құбырлары толықтай жаңартылмақ.