Caspianlife, 5 қаңтар. Жаңа жылдан бастап жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу электронды форматқа көшіріледі. Бұл механизмді енгізу азаматтарға құжатты бірнеше ұйымға бірден ұсынуға мүмкіндік береді, бұл олардың уақытын және қаражатын үнемдеуге көмектеседі.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің сайтында жарияланған хабарламада айтылғандай, қазіргі уақытта санитарлық кітапшалар шамамен 1,6 миллион қазақстандықта бар. Өзгерістер басқа медициналық құжаттарды беруге де қатысты. Азаматтардың ыңғайлылығы үшін қағаз түрінен электронды форматқа көшірілетін құжаттар қатарында:
- -Еңбекке жарамсыздық парағы;
- 075/у «Медициналық анықтама»;
- 026/у «ДКК қорытындысы»;
- 073/у «Көлік құралын басқаруға рұқсат беретін анықтама»;
- 069/у «Санаторий-курорттық карта»;
- 052-2/у «Баланың денсаулық паспорты»;
- 076/у «Қару алуға рұқсат алу»;
- 038/у «Уақытша еңбекке жарамсыздық анықтамасы».
Қазіргі уақытта ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Құжаттар үшінші тұлғаларға тек азаматтардың келісімімен, «eGov mobile» қосымшасы арқылы беріледі, онда медициналық деректерге «еDensaulyq» бөлімінде қол жеткізу мүмкіндігі бар.
«Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап баланың вакцинациясынан бас тарту немесе келісім беру электронды түрде тіркелетін болады. Әрекеттер алгоритмі тек вакцинациядан кейін денсаулығына зиян келген пациент шағымданған жағдайда өзгеретін болады. Бұл медициналық тілде иммунизациядан кейінгі қолайсыз салдар деп аталады. Дәрігер дереу көмек көрсетуге міндетті, электронды хабарлама жасап, оны мемлекеттік органдарға жіберуге тиіс», — делінген хабарламада.