Ақтауда төрт ай бұрын жұмысын бастаған 100 орындық провизорлық орталық жабылды. Қазір бұл емханада бірде-бір науқас жоқ. Ал мұнда осы күнге дейін 3 мыңға жуық адам ем-дом қабылдаған.
Орталық жетекшісінің айтуынша, ауыр халде жатқан 70 шақты науқастың кейбірі індеттен көз жұмды. Күні–түні дамылсыз қызмет еткен 50-ден астам медициналық қызметкердің арасында ауруға шалдыққандары да болыпты. Қазір мұнда дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.
Камшат ТҰРСЫНБЕКОВА, провизорлық оталықтың жетекшісі:
– Өздеріңіз көріп отырсыздар, провизор өз жұмысын тоқтатып, ғимарат толық босатылды. Аурулардың барлығы шығарылып, қазіргі таңда облыстық көпбейінді стационарда ем қабылдап жатыр. Сол жерде де көрсеткіштің жақсарғаны белгілі.
Жалпы, бір ай бұрын өңір бойынша 1 500-ден астам адам провизорлық орталықтарға жатқызылған болса, бүгінде ол жерлерде 700-ге жуық науқас бар. Яғни, олардың саны 2 есе азайды. Ал қала орталығында орналасқан 450 науқасқа шақталған облыстық көпбейінді орталықта 50 орын қысқартылды. Науқастар санының азаюы мен орталықтардың жабылғаны кім-кімге де қуаныш.
Осылайша 27-шілде күні соңғы науқасын жазып шығарған Ақтау қаласында орналасқан қос провизорлық орталықтың біреуі жабылды. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауданында орналасқан емдеу мекемелері өз жұмысын тоқтатты.