Қазақстанда донорлық қан жеткіліксіз. Республикалық трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы осылай деп дабыл қағуда. Ал коронавирус инфекциясын жұқтырып, айығып шыққандардың қаны алтынмен пара-пар.
Бұл мәселе бойынша Атырау облыстық қан орталығына хабарласып көрдік. Мұндағы жағдай тұрақты көрінеді. Бірақ келушілер саны карантинге байланысты азайған. Сондықтан енді ниет білдірген донорларды үйден алып кетіп, кері жеткізіп тастайтын арнайы көлік бөлініпті. Айта кету керек, қан тапсыруға ниеттілердің саны өткен жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда артқан.
Жаңылсын ШЫНДАУЛОВА, Атырау облыстық қан орталығы директорының орынбасары:
– Осы жылы донорлар саны 200 адамға көбейді. Биыл 6 айда 1700 литр қан жиналса, өткен жылы 1600 литр болған.
Қыркүйектен бастап Атырауда коронавирустан айыққандардың қанын қабылдау басталады. Мамандардың айтуынша, аурудан емделіп шыққандардың плазмасын дертке енді шалдыққан науқасқа құйса, тез жазылу мүмкіндігі бар. Бұл тәсіл Нұр-Сұлтанда мамыр айында қолданылған. Ал Атырауда бір айдан кейін жүзеге аспақ.
Жаңылсын ШЫНДАУЛОВА, Атырау облыстық қан орталығы директорының орынбасары:
– Егер коронавируспен ауырған науқас бізге келсе, антидененің бар-жоғын анықтайтын тесттен өзіміз өткіземіз. Егер антидене қалыптасқан болса, жазылып шыққан адам плазманың доноры болады. Ал анықталмаса, онда қан тапсыруына болады.
Донор болу үшін кәмелеттік жасқа толған және коронавирустан айығып шығуы шарт. Ал процедураның қан тапсырудан еш айырмашылығы жоқ. Сонымен қатар, иммундық плазма тапсырғандарға 20 мың теңге төленеді.