Атырау облысында Құрбан айт мерекесін тойлау кезінде, нақтырақ айтқанда 31-шілде мен 2-тамыз аралығында бірқатар шектеулер енгізіліп отыр, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Жанар Досымбаева:
– 31-шілде мен 2-тамыз аралығында Атырау қаласының орталық мешіті белгілеген онлайн режимінде құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, мал сою цехтары мен мал сату базарының жұмысы тоқтатылады. Және облыс орталығы аумағында мал союды ұйымдастыруға, өткізуге, автокөліктер мен жеке үй иеліктерінде мал сатуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, жеке меншік үй иеліктерінде және медреседе адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге болмайды.
Талаптардың орындалу барысын Атырау қаласының полиция департаменті, аудандық әкімдіктер және ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы қадағалап, мониторинг жүргізетін болады.
Айта кетейік, карантин жағдайына байланысты биыл елімізде алғаш рет қашықтан құрбан шалуды ұйымдастыру мақсатында qurban2020.kz сайты іске қосылды.