Облысқа «Өмір сыйла» акциясы аясында оттегі концентраторлары үлестірілді. Мұндай шара алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде өткізілмек. Игі істі қолға алғандардың қатарында қарапайым халық пен кәсіпкерлер, сондай-ақ, өнер адамдары да бар. Қол ұшын созғандардан осыған дейін 450 млн теңгеге жуық қаражат жиналыпты.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, ұйымдастырушы:
– Атырау қаласына кеше 1 400-ге жуық аппарат келіп түсті . Оның 740-ы батыс аймақтарына таратылады. Қазір жергілікті денсаулық басқармасының сұранысы бойынша Атырау облысына 160 данасы қалдырылады. Соны ауданғарға да бөліп беруге тырыстық.
Төтенше жағдай кезінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, індеттің ауыр жүгін жұмыла көтергендер енді аппарат тапшылығы жуық арада шешіледі деген үмітте. Оттегіге зәру жандардың жағдайын ойлап, көмек қолын созғандарға дәрігерлер өз алғысын білдірді.
Гүлзира ДӘУЛЕТИЯРОВА, Геолог емханасы жанындағы провизорлық стационардың кезекші дәрігері:
– Біздің 40 керуетке есептелген провизорлық стационар маусым айының 25-інде ашылды. Қазір 30 науқас бар. Осы уақытқа дейін 176 науқасты емдеп шығардық. Осындай демеушілердің арқасында 6 оттегі концентратын алдық.