CaspianLife, 20 желтоқсан. Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі көлемде пара алғаны үшін Грузиядан экстрадицияланған БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер органдарының бұрынғы қызметкеріне үкім шығарды.
ҚР Бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, «… сот процесі барысында көлік прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы сотталушының мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға бола отырып, 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстан-Ресей шекарасындағы автомобиль өткізу пункті арқылы көліктердің кедергісіз өтуі үшін 75 720 000 теңге көлемінде пара алғанын дәлелдеді».
Сотталған адам 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік және қаржылық ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сонымен қатар, сот мүлікті тәркілеу шарасын қолданып, сотталушыдан пара сомасын өндіріп алды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.