– Жыл басынан бері 32 әлеуметтік нысанға мониторинг жүргізіліп, 900 млн теңге бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға жол берілмеді, – деді Е. Серікқалиев.
Өз кезегінде Серік Шәпкенов мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға бағытталған жобаға қажетті қолдау көрсетілетінін айтып, оның маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, өңір басшысы волонтерлердің біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше тоқталды.
Кеңесте биылғы жылы өңірде орын алған жол-көлік оқиғалары мәселесі талқыланды. Облыс әкімі аппаратының қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бөлімінің басшысы Лейла Бердіғалиева өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларында құрбандар санының өскенін айтты.
– Биылғы жылдың 11 айында 812 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 1 123 адам түрлі жарақат алып, 91 адам қаза тапты. Ең көп кездесетін жол-көлік оқиғалары – жаяу жүргіншілерді қағып кету (145 жағдай) және көліктердің бетпе-бет соқтығысуы (180 жағдай). Атырау қаласының Құрманғазы, Владимирский көшелерінде және Нұрсая ықшам ауданында жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерінің бұзылуынан жиі зардап шегетіні анықталды. 1 213 зардап шеккендердің 330-ы кәмелетке толмағандар, олардың тоғызы қаза тауып, 321-і жарақат алды. Оның ішінде төрт бала жаяу жүргіншілер өткелінде қағылған, екеуі көліктердің соқтығысуынан қаза тапқан, тағы үшеуі түрлі жол-көлік оқиғалары кезінде көз жұмды, – деді Л. Бердіғалиева.
Осыған байланысты Серік Шәпкенов жол-көлік құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтіп, қалада бұл шараларды күшейту қажеттігін айтты.
– Трассаларда жол-көлік оқиғаларын азайту үшін қажетті құралдар сатып алдық, бірақ қаладағы жағдай әлі де алаңдатарлық. Ең өкініштісі – көбіне балалар зардап шегеді. Осы комиссия аясында мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты ұсыныстар әзірлеу қажет. Талдау мен шешім қабылдау үшін қажетті ақпараттың бәрі бар, енді оны барынша тиімді пайдалану маңызды. Бұл – шұғыл шешімді талап ететін басымдық, – деді облыс әкімі.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – көлеңкелі экономиканы қысқарту. Бұл туралы Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының міндетін атқарушы Балнұр Есенгелдинов баяндама жасады. Оның айтуынша, көлеңкелі экономика деңгейі бойынша Атырау облысы алғашқы үштікке кіреді.
– Көлеңкелі экономиканың биылғы жылғы қорытындысы келесі жылдың қыркүйегінде шығарылады. Өткен жылға жасалған жан-жақты талдау нәтижесінде өңірде көлеңкелі экономиканың айтарлықтай төмендегені байқалды (2021 жылы – 0,01%, 2022 жылы – 0,09%, ал биыл – 0,29%). Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығында (0,01%), сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда салаларында (0,02%) өсім байқалды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы көлеңкелі экономиканың үлесі 17,52%-ды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,26%-ға төмен, – деді Б. Есенгелдинов.
Өңір басшысы ведомствоаралық комиссияның жұмыс тобына көлеңкелі экономиканың нысандарын анықтап, қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
(Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпарат бойынша)