CaspianLife, 11 желтоқсан. Атырау қаласында полицейлер «Таблиғи Жамағат» діни-экстремистік ұйымының идеяларын таратуға күдікті ер адамды ұстады. Аталған ұйым Қазақстанда және кеңестік кеңістіктегі бірқатар елдерде экстремистік деп танылып, заңмен тыйым салынған.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, «… жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті азаматтың мешіттерде жас діндарлармен әдейі танысып, оларды үйіне шақырып, экстремистік әрекеттерге тарту мақсатында «Таблиғи Жамағат» идеологиясын насихаттағаны анықталды».
Сонымен қатар, оның тұрғылықты жерін тінту кезінде сот шешімімен тыйым салынған діни мазмұндағы кітаптар мен электронды материалдар тәркіленді. «… 44 жастағы бұл күдікті азамат бұған дейін де осы экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотталғаны белгілі болды», — деп нақтыланды.
Сот шешімімен экстремистік деп танылған діни ұйымның қызметін ұйымдастыру және оған қатысу белгілері бойынша қылмыстық іс тергелуде. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.