CaspianLife, 11 желтоқсан. Вице-премьер Қанат Бозымбаев ТЖМ, полиция және әкімдіктерге алдағы мерекелер кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындықты тексеруді тапсырды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қ. Бозымбаев профильді министрліктер мен өңірлердің әкімдіктерінің қабылданып жатқан шаралар туралы есептерін тыңдады. Желтоқсан айында өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Алғашқы аптада төтенше жағдайлар министрлігі елді мекендердегі 2,5 мыңнан астам үйді қамтыған профилактикалық рейдтер өткізді. Пештер мен электр жүйелері тексерілуде. Сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелері түсіндірілуде.
Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. 670 мобильді топ құрылып, сақтау және сату орындары бойынша 78 рейдтік шара ұйымдастырылды. Рұқсат етілмеген сауда үшін 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Елге пиротехникалық өнімдерді заңсыз әкелу фактілерінің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мереке қарсаңында ІІМ және ТЖМ қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшеді.
«Көңіл көтеру орындары мен адамдар көп жиналатын жерлерді алдын ала тексеру қажет. Өрт сөндіру құралдары жоқ болса, бұқаралық іс-шараларды өткізуге рұқсат берілмесін. Жұртты жедел эвакуациялау бойынша қызметкерлермен оқу-жаттығу өткізу қажет. Сауда-ойын-сауық орталықтарының, театрлардың, спорт кешендерінің паркингтеріне газ жабдықтары бар көліктердің кіруіне жол бермеуге ерекше назар аудару керек. Біз төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барлық шараларды қабылдауымыз қажет», – деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер Оқу-ағарту министрлігі мен өңірлердің әкімдіктеріне қысқы демалыс пен жаңа жылдық мерекелер кезінде балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын толыққанды ұйымдастыруды тапсырды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне мереке күндері қауіпсіздік шаралары туралы халықты кеңінен ақпараттандыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
(Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)