Caspianlife, 10 желтоқсан. Жыл басынан бері санитарлық авиация қызметі 204 науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетті, олардың 68-і тікұшақпен медициналық мекемелерге жеткізілді.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) хабарлауынша, санитарлық авиация ең көп көмекті Құрманғазы ауданының тұрғындарына көрсеткен. Ең жиі көмек сұралатын себептердің бірі – жүрек-қан тамырлары аурулары. Сонымен қатар, 40 азаматқа жазатайым оқиғалар мен улану жағдайларында көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, ауыр халде жатқан сегіз әйелге және ауыр патологиясы бар 36 жаңа туған нәрестеге дәрігерлер көмектескен.
Санитарлық авиация бригадалары тәулік бойы науқастарға медициналық көмек көрсетеді, соның ішінде алыс ауылдардан түскен өтініштер бойынша кеңес береді. Авиациялық медициналық бригаданың құрамына екі невропатолог, реаниматологтар және нейрохирургтар кіреді. Қажет болған жағдайда бригада басқа мамандармен толықтырылады.