Caspianlife, 10 желтоқсан. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі 20 миллиард теңгеден астам шығынмен қаржылық пирамидаларды құру және басқару фактілері бойынша 68 қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
АФМ Channel Telegram-арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, бүгінгі күні 13 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған. Бұл туралы «Тәртіпті өзіңнен баста!» эстафетасы аясында құқықтық мәдениет пен қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша вебинарда белгілі болды. Онлайн-кездесуді Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, елдегі 100-ден астам жоғары оқу орны үшін ұйымдастырды.
Онлайн-кездесу барысында Агенттікте «Қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы енгізілгені атап өтілді. Жоба қаржылық пирамидалардың өмірлік циклын қысқартуға және оларға тартылған салымшылар санын азайтуға бағытталған. Биылғы жылдың басынан бері интернет кеңістігінде 47 қаржылық пирамида анықталды. Оларға қатысты әлеуметтік желілердегі 300-ге жуық чаттар жабылып, онда шамамен 2 миллион адам – әлеуетті салымшылар болған. Биыл әлеуметтік желілерді талдау нәтижесінде қаржылық пирамидалар белгілері бар сайттарға 11,7 мыңнан астам сілтеме бұғаттауға жіберілді.
Вебинар барысында қатысушыларға қаржыны инвестициялау кезінде назар аудару қажет негізгі белгілер туралы айтылды:
— тәуекелдер мен күш-жігерсіз жоғары пайдаға уәде беру;
— жаңа клиенттерді міндетті түрде тарту қажеттілігі;
— интернетте белсенді жарнама жүргізу;
— компанияның Қазақстанда тіркелмеуі немесе жақында тіркелген болуы;
— заңды сүйемелдеудің болмауы (шарттың жоқтығы немесе тараптардың міндеттемелерінсіз жасалуы);
— салымдарды қолма-қол ақшамен, криптовалютамен немесе банктерді айналып өтіп, төлем жүйелері арқылы қабылдау.
«ҚМА-да «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосылған, ол компанияның қаржылық пирамида белгілерінің бар-жоғын тексеруге мүмкіндік береді. Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қаржылық пирамида қызметіне тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жүгінуді сұраймыз. Азаматтарды қырағы болуға және күмәнді қаржы ұйымдарына жинақтарын салмауға шақырамыз», — делінген ҚМА хабарламасында.