Мамучар Джабасовтың қарауында қазірдің өзінде 30 шақты ит бар. Ауыр жағдайда табылған қаңғыбас төртаяқтыларды өз қаражатымен емдеуді дағдыға айналдырған ерікті жауаптылардың кеш қимылдайтынына налиды.
– Мысалы, маған келген итттердің көбі адамнан таяқ жеген немесе машина қаққан. Оның бәрі адамның әрекетінен болып жатыр. Ал оған қолданылатын шара жеңіл, ең көп дегенде, 30 күн қамаққа алынады. Бір қызығы, оларды қамауға алу үшін ит не өліп қалуы қажет, не орнынан тұра алмай қалуы қажет, – деп ашынады кинолог Мамучар ДЖАБАСОВ.
Соңғы уақытта әлеуметтік желідегі жануарларды қорлап жатқан бейнекөріністерден көз ашылмай кетті. Дауға ұласқан видео шенеуніктердің де назарын аударып заңға өзгеріс енгізуге негіз болып отыр. Заңдағы түзету мен толықтырулар қатыгез жандардың жауапкершіліктен құтылып кетуіне жол бермеуі қажет дейді маман.
– 316-бапқа көз жүгіртсек, қылмыстық жауапкершілік тек жануарлардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соққанда ғана қолданылады. Бұл дұрыс емес. Себебі, садистердің көбі оларды зақым келтірмей қорлап, видеоға түсіріп рахаттануы әбден мүмкін. Мен заңға өзгеріс енгенін қалаймын. Жануарларға физикалық, психологиялық түрде де зардап шектіруші жазасын алуы қажет, – дейді заңгер Жангелді СҮЛЕЙМЕНОВ.
Заңгердің айтуынша, бүгін жануарға зұлымдық жасаған жан ертең адамға қастандық қылуы әбден мүмкін.