CaspianLife, 20 қараша. Келесі жылы Қазақстанда жетім балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институты енгізілмек. Яғни ата-анасынан айырылғандар балалар үйіне емес, бірден отбасыға жіберіледі. Бірақ оның өзіндік талап-міндеті бар.
Мысалы ол отбасының толық болуы және арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Бір отбасыға 4 балаға дейін орналастыруға рұқсат етіледі. Атырауда өткен «Баланың бақытты мекені – отбасы» тақырыбындағы дөңгелек үстел басына жиналғандар осы тақырыпты талқылап, көпшілікке кәсіби қабылдаушы отбасы туралы түсінік беруге тырысты. Іс-шараны «Ұлттық бала асырап алу» агенттігінің өкілдері ұйымдастырған.
Бүгінде асыраушысынан айырылған балаларды қамқоршымен қамтудың бірнеше жолы бар. Ол асырап алу, қамқоршылыққа алу, патронат болу, қабылдаушы жанұяға беру. Бесіншісі — осы кәсіби қабылдаушы отбасы институты болғалы тұр. Қазір елде 4 мыңнан астам бала интернат сынды мекемелерде өмір сүріп жатыр. Олардың басым бөлігі жасөспірім.