CaspianLife, 15 қараша. Қазақстанның Ұлттық Банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК) банкаралық QR-төлемдерді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
ҚР Ұлттық Банкінің сайтына сәйкес, алғашқы транзакцияның демонстрациясы 15 қарашада Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында, екінші деңгейлі екі банк қатысқан жағдайда жүзеге асты.
Ары қарай түсіндірілгендей, Банкаралық QR-төлемдер сервисі Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның (ҰЦҚИ) құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады, ол азаматтарға жылдам және ыңғайлы QR төлемдерін жасау мүмкіндігін береді.
«Банкаралық QR-төлемдерді енгізу, әсіресе, бизнеске әр түрлі банктердің бірнеше терминалдарын орнату шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, ал азаматтар кез келген банктің терминалы арқылы QR-кодпен төлем жасауға мүмкіндік алады. Өз кезегінде, банктер банкаралық операцияларды өңдеу шығындарын төмендету арқылы шығындарын оңтайландырып, ҰЦҚИ инфрақұрылымына қатысу аясында клиенттерге төлем қызметтерін кеңейте алады», — деп хабарлайды Ұлттық Банк.
Қазіргі уақытта банкаралық QR-төлемдер жүйесінің функционалы дайын болып, қатысушы банктерді кезең-кезеңмен қосу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны ауқымды түрде іске асыру 2025 жылға жоспарланған.