CaspianLife, 14 қараша. Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) жалған шетел валютасын өткізу фактілерінің жиілегені туралы хабарлайды.
Мысалы, Алматы қаласында 100 долларлық купюраларды сатуымен айналысқан тұлғалар тобы анықталды. Қылмысқа қатысушының тұрғылықты жерін тінту барысында 149 дана (14 900 АҚШ доллары) жалған доллар табылды. Жалған ақшаны жасаушылар ұсталып, оларға қатысты сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында полициямен бірлесіп жалған валютаны өткізу фактісі анықталды. Бір топ адам Орал қаласындағы лотерея клубтарының бірінде 25 000 АҚШ доллары мен 10 000 еуроны өткізген деп күдіктелуде. Аталған ақшамен күдіктілер бәс тігу үшін өз шоттарын толықтырған. Жалпы алғанда, сатушыға қатысты соттың санкциясымен «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс бойынша басқа ақпараттар Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы бойынша жария етілмейді, — деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың басынан бері Қазақстан аумағында 1 060 жалған банкнот тәркіленгені хабарланды, оның ішінде:
— ұлттық валютада 141 дана, жалпы сомасы 647 000 теңге,
— 905 купюра, жалпы сомасы 90 400 АҚШ доллары,
— 4 купюра, жалпы сомасы 2 000 еуро,
— 10 купюра, жалпы сомасы 1 000 юань.
Тәркіленген жалған банкноттардың жалпы сомасы 43 млн теңгеден асады.
Жалпы, ағымдағы жылы жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам сотталды. Оларға 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Құрметті азаматтар! Егер жалған ақшаға тап болсаңыз, оны өткізбеңіз. Сіздерге ұсыныс: таныс емес адамдарға ақша алмаңыздар және «валюта айырбастау» қызметін ұсынатындардан валютаны сатып алмаңыздар, тіпті олар сізге жақсырақ айырбас бағамын ұсынса да. Егер жалған банкнотаны тапсаңыз, дереу Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе аумақтық департаменттерге хабарласыңыз», — деп жазады Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.