CaspianLife, 13 қараша. Бұған дейін, осы жылдың ақпан айында ІTO Ltd жапон компаниясының делегациясы, сыртқы экономикалық қызмет департаментінің менеджері Хаяси Сакураның жетекшілігімен бірінші рет Атырауға келген болатын.
Кеше Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев Жапониядан келген бизнес-делегация өкілдерімен қайта кездескенін өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Бұған дейін айтылғандай, компания газбен қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтарды өндірумен айналысады. ІTO Ltd компаниясы 90 жыл бұрын Осака қаласында құрылды.
«Бастапқыда біз сұйытылған газдың реттегіштерін өндіретін едік, кейін табиғи газ нарығына шықтық. Негізінен сұйытылған газбен қамтамасыз ету нысандарын жобалап, саламыз, сонымен қатар қысым реттегіштерін, клапандарды, буландырғыштарды, табиғи газ баллондарын жасаймыз. 2020 жылы Жапониядағы сатылымдар 120 млн. долларды құрады», — деді ITO компаниясының өкілі.
Облыс әкімінің орынбасары жергілікті билік өкілдері өңірді дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды қолдауға дайын екендерін білдірді. Биылғы жылдың тамыз айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жапония Премьер-министрі Фумио Кисида арасында кездесу өтіп, Атырау облысы әкімдігі мен ITO Corporation компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Атырау облысы мен түрлі жапон компаниялары арасындағы тауар айналымы 19,1 млн. долларды құрады. Тауар айналымының басым бөлігі импортқа тиесілі. Қазіргі таңда облыста екі жапон компаниясы жұмыс істеп тұр.