CaspianLife, 12 қараша. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылау бөлімінің инспекторы Айбек Алимов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірдің жолдарында өткен «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 9 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны, 30 жүргізуші жүргізуші куәлігінсіз жүргені, ал 1 010 жүргізуші жылдамдықты асырғаны анықталды. Қалған құқық бұзушылар да жол қозғалысы ережелерін әртүрлі жағдайда бұзған.
— Жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында 8-10 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі — жылдамдықты асырған жүргізушілер. Нәтижесінде 85 көлік айып тұрағына қойылды, 41 көліктен мемлекеттік тіркеу нөмірлері алынды, — деді А. Алимов.
Сонымен қатар, ол 11-17 қараша аралығында полиция қызметкерлері мен мемлекеттік органдар бірлесіп «Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы» акциясын өткізетінін атап өтті.
(Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттарына сәйкес)